Алдағы екі-үш жылда елордалық әуежайдың инфрақұрылымында ауқымды өзгерістер орын алады

Барлық жаңалықтар

2023-02-03

Алдағы екі-үш жылда елордалық әуежайдың инфрақұрылымында ауқымды өзгерістер орын алады

Астаналық әуе айлағының басшылығы инфрақұрылымға тартылатын инвестиция көлемін ұлғайтып отыр. Мәселен, өткен жылы ұшу-қону жолағына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шамамен 460 бірлік жабдық пен 44 бірлік техника, атап айтқанда жаңа деайсерлер, жанармай құюға арналған және әуеайлақты жинау машиналары сатып алынған.

Жалпы алдағы екі-үш жылда әуежайдың инфрақұрылымында ауқымды өзгерістер орын алады деп күтілуде.

«Бүгінгі таңда біз инфрақұрылымға құйылатын инвестициялар көлемін ұлғайтып отырмыз. Жолаушыларға қызмет көрсету сервисіне де жаңашылдықтар енгізілді. Мысалы, Fly Arystan компаниясымен бірлесіп қызмет көрсетудің жаңа жүйесі іске қосылып, нәтижесінде жолаушылар багаждарын өз бетінше, яғни агенттің көмегінсіз-ақ ресімдей алады. Биыл барлық басқа авиакомпанияның қатысуымен сервисті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз», ­деп атап өтті «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Хамзин.

Сонымен қатар соңғы уақытта елордалық әуежайда терминал ішінде қандай да бір жанасуды болдырмайтын цифрлық қызмет көрсету сервисі дамып келеді. Өз кезегінде аталған жаңа қызметтер мен автоматтандыру үрдісі жылдан жылға артып келе жатқан жолаушылар ағынына сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, әуе айлағының инфрақұрылымына енгізілетін өзгерістер Мастер-жоспар шеңберінде жүргізілетін болады. Аталған жоспар жер учаскелерін кезең-кезеңімен жоспарлау мен пайдалануды, жаңа инфрақұрылым объектілерінің құрылысын, параметрлері мен технологиялық схемаларын, сондай-ақ қажетті ресурстарды қамтиды. Сондай-ақ әуежай жұмысының басым бағыттарының бірі жүк инфрақұрылымын дамыту және жүк терминалдарын кеңейту болады.

Әуе тасымалы қарқындылығының артуы мен елордалық әуежайды дамыту жоспарларына байланысты әуе айлағының басшылығы әуеайлақ учаскесін қайта құру қажеттілігі туралы айтады. Осы ретте Астана әуежайы екінші ұшу-қону жолағын салуды жоспарлап отыр.

Бүгінгі таңда ішкі және халықаралық рейстер қалпына келтірілгенін атап өткен жөн. Сондай-ақ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бастамасымен жаңа бағыттарды ашу бойынша жұмыстар жалғасуда.

Пайдалы ақпарат

  • Wi-Fi әуежайда

    Тегін интернетті пайдаланыңыз

    Толығырақ

  • Тексеруден өту қағидалары

    Тексеруден өту қағидаларымен танысыңыз

    Толығырақ